Дербестендіру принципі білім беру саласында алғаш рет шамамен 1905 жылы қолданылды. Ол кезде Хелен Паркхерст бүгінгі күні «Дальтон-план» атауымен танымал тәсілді пайдалануды ұсынған болатын.
Жұмыс барысында халықтық білім беру белсендісі бірден бірнеше пәнді оқыту қажеттілігімен ұшырасқан еді. Жұмысты жолға қою үшін ол кабинетті түрлі пәнге арналған бірнеше аймаққа бөледі. Осылайша, балалар өздеріне қолайлы қарқынды таңдай отырып және ең маңыздысы, сыныптастарымен кеңесе, көмектесе отырып, өз беттерінше оқи алды.
Сондай-ақ, Хелен Паркхерст үлгерімді бағалаудағы тұлғалық-бағдарлы тәсілдің принциптерін қалыптастырды және дербестендірілген білім туралы заманауи түсініктің негізіне айналған маңызды сауалды бірінші болып қойды:
«Білім мәселесінде балаларды бастаманы өз қолына алуға итермелеу үшін біз не істей аламыз?»
Білімді дербестендіру идеясы 1970 жылы қанатын кеңге жайды. Бұған испандық педагог Виктор Гарсиа Хоцаның еңбегі арқау болды. Содан бері бұл термин туралы түсінік бірнеше мәрте тұжырымдалды. Олардың кейбірі ақпаратты жеке сұраныстарына қарай таңдау идеясын негізге алады, ал кейбірі әр оқушының жеке мүмкіндігін барынша пайдаланудың маңыздылығына мән береді.
Білім беру саласы бойынша әлемдегі ең табысты сарапшылардың бірі Кен Робинсон бұл феноменді былай сипаттайды:
«Менің ойымша, білімдегі дербестендіру – нақты оқушыларды, олардың мықты және осал тұстарын, әрқайсысына тән түрлі қызығушылықтары мен ақпаратты қабылдауының түрлі әдістерін ескере отырып, оқыту процесін құру».
Кейде дербестендіруді жаңылысып, дараландыру және саралау сияқты өзге принциптермен теңестіреді. Түсінікті осыншама жеңілдету салдарынан қазірге дейін оның бір мәнді, ортақ қабылданған анықтамасы жоқ. Білімімізді құрылымдау үшін оқу және оқыту процесін олардың даму тұрғысынан қарастырып көрелік.
Ең қарапайым жағдайда, барлық оқушылар теңдей оқытылады: түгелі бірдей ақпарат, бірдей оқулықтар мен қосымша материалдар алады. Сондай-ақ, барлығы да бірдей критерийлер бойынша бағаланады. Бұл тәсіл дүниежүзіндегі мектептерде ұзақ жылдар бойы қолданылды.
Алайда, күндердің бір күнінде оқушылардың бір-бірінен ерекшеленетіні соншалық, оларды неғұрлым біртектес топтарға бөлудің (саралаудың) маңызды екені түсінікті болды. Саралаудың айқын үлгісі – оқушыларды қалыпты, талантты және проблемалы деп бөлу. Бұл жағдайда материалдар мен жаттығуларды дайындау үш түрлі күрделілік деңгейін талап етеді.
Даралау принципі әрбір оқушының бірегейлігі мен жекелеген тәсілдің қажеттігі идеясына құрылған. Оқушыны дамытуға байланысты барлық жұмыс – сыртқы ынталандырудың нәтижесі, ал мақсат – белгілі бір оқу бағдарламасын меңгеру. Даралау үлгісі – барлық балаға тең мүмкіндік ұсынуға бағытталған инклюзивті білім беру. Мұндай жағдайда оқу процесін даралауға үшінші тарап, мысалы мұғалім, ата-ана немесе мемлекет жауап береді.
Сонымен қатар, дербестендіру принципі бойынша оқушылар оқу процесін өздері ұйымдастырады, жүзеге асырады және өзгертеді деп пайымдалады. Қай бағытта дамуды бала өзі таңдайды және оның бекітілген мектеп бағдарламасын ұстану не ұстанбауы маңызды емес.
Дербестендіру – саналы білім беру, өз бетінше оқи алу және зерттеп-зерделеуге арналған пәндерді таңдау мүмкіндігі. Дербестендірілген білім жалғыз мектеппен шектелмейді және талпыныс, қоғамдағы рөлін таңдау, жеке даму мен тәжірибені қозғай отырып, білім беру жүйесінің аумағынан айтарлықтай асады. Бұл – білім беру әлеуетін барынша пайдаланудың жалғыз тәсілі.
Дербестендірілген білім беруде мұғалімдерге өте маңызды рөл бөлінген: оқушыларға өз сұраныстары мен мүмкіндіктерін талдауды үйрету, оқу үшін қандай құралдардың қолжетімді екенін айту, кеңес беру және керек болған жағдайда жұмыстың қажетті бағытын көрсетіп жіберу. Бірақ, дербестендірудің негізі – оқушылар.
Адамның өзінен басқа ешкім де оның білімін дербестендіре алмайды.