Екінші немесе шетел тілін оқытуға байланысты көптеген тәсілдер жылдар бойы дамып келді. Бұл тәсілдер бір-бірінен түбегейлі өзгеше болса да, көптеген сарапшылар екінші тілді үйретудің бір ғана керемет тәсілі бол-майды деп сенеді. Барлық тәсілдің де өзіндік жолдары бар, үйренетін тіл ана тілі болып табылатын немесе оны ана тіліндей білетін жақсы оқытушы, тілді үйренуге талпынысы жоғары оқушылар мен қажетті оқу құралдары болған жағдайда қандай да әдіс өз жемісін бермек. Білім беру ортасына сай келіп, оны оқытушы түсініп қабылдаған жағдайда барлық әдіс тиімді болады.
Екінші тілді үйрету әдісін екі үлкен категорияға бөліп көрсетуге болады: синтетикалық тәсіл және аналитикалық тәсіл. Аты көрсетіп тұрғанындай, синтетикалық тәсіл тілдің грамматикалық, лексикалық, фонологиялық және функционалдық бірліктерін жеке-жеке оқытуға көңіл бөледі. Яғни, бұл төменнен жоғарыға деп аталатын тәсіл. Мұнда тіл үйренушілердің мақсаты – тілді құрайтын жеке бірліктерді синтездеу, яғни бастарын біріктіру. Грамматикалық ережелерге баса көңіл аударатын тіл оқытудың дәстүрлі әдістері осы категорияға жатады.
Синтетикалық тәсілдің айқын көрінісі ретінде 1960 жылдардың ортасына дейін басты тәсіл ретінде қолданылып келген грамматикалық аударутәсілін айтуға болады. Бұл тәсіл бойынша оқушылар тізімге сай сөздерді, етістіктік парадигманы, грамматикалық ережелерді үйренеді. Тілді үйренушілер үйреніп жатқан тілдеріндегі абзацтарды өз ана тілдеріне аударады. Оқытушы сабақты оқушының ана тілінде жүргізіп, мәтіндегі грамматикалық ережелерге ерекше көңіл бөледі, осыған байланысты, оқытылатын тіл жайлы ешқандай контекстуализация орын алмайды, орын алған жағдайда да онша көп болмайды. Оқуға арналған мәтіндер оқушылардың үйренуге тиісті сөздері мен құрылымдарынан тұрумен қатар, аудару кезінде жі-берілген қателер сол мезетте түзетіліп отыратын. Оқушылардың ережелерді, етістіктік парадигмаларды, сөзді игеру деңгейі бақылау жұмыстары арқылы тексеріледі. Оқушылар абзацтарды дауыстап оқып аударған кезден басқа кезде үйренетін тілді қолданбайды.
Аналитикалық тәсілді жоғарыдан төмен деп айтуға болады. Негізгі мақсат үйренуші тілдің құрамдас бөліктерін, яғни ережелерін ашық үйретуде емес. Керісінше, оқытушы тақырыптарды, мәтіндерді немесе тапсырма-ларды тілді үйренушінің қажеттілігіне қарай таңдайды. Ал, оқушылар тілдің құрамдас бөліктерін өздері танып білуі керек. Бұл тәсіл бойынша бала ана тілін үйренгеніндей ересек тіл үйренушілер де тілдік ережелерді кез келген қолдағы ақпаратқа сүйеніп шығарып алуы керек.
Қазіргі кезде кеңінен қолданылатын аналитикалық тәсілді контенттік әдіс деп атайды. Оның мақсаты – тілдің маңыздылығын арттырып, оқушылардың үйренуші тілде қатысымға енуіне жағдай жасау. Оқушылар шет тілінде өздері қызығатын түрлі тақырыпта әңгіме дүкен құрып, ой-пікірлерін білдіре алады. Мысал ретінде «Online Dating /Онлайн кездесу», «Taking Responsibility for our Environment /Қоршаған ортаны қорғау жауапкершілігі» сияқты тақырыптарды айтуға болады. Грамматикалық ережелерді қажеттілік болған жағдайда ғана үйретеді, керісінше, тілде еркін сөйлеу маңызды. Сабақта оқитын мәтіндер (жазбаша және ауызша) арнайы дереккөздерден алынумен қатар, оларды тіл үйренушілердің қажеттілігіне сай бейімдемейді, өйткені түпнұсқа мәтін оқушылар үшін қызығырақ болады. Бағалау тіл үйренушілердің шет тілін игеру деңгейіне негізделеді.
Барлық екінші тілді үйрету әдісі бірінші немесе екінші категорияға жата бермейді. Сондықтан, синтетикалық және аналитикалық тәсілдерді екінші тілді үйрету тәсілдеріне қатысы бар тізбектің екінші ұшы ретінде қарасты-руға болады. Бұл тәсілді қолданатын оқытушылар оның барлық қағидаларын ұстана бермеуі мүмкін. Әдетте сабақ түрліше жүргізілумен қатар, қолданыстағы әдістемелермен толығымен сәйкес келмесе де, оқытушылар өздеріне ыңғайлы, өздері жақсы білетін техникаларды қолданады.
Қайнаркөз: Тіл біліміне кіріспе, Виктория Фромкин, Ұлттық аударма бюросы, 2018 жыл